МАРАТ ПАШИМОВ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАР БАСШЫЛАРЫМЕН АЛМАТЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Марат Пашимов медициналық ұйымдардың басшыларымен кезекті кеңес өткізді.
Кездесу барысында МӘМС, тиісті фармацевтикалық тәжірибе стандартының (GPP) енгізілуі, халықты вакциналаумен қамту, психиатриялық және наркологиялық қызметті жаңғырту, сондай-ақ кардиологиялық көмекті дамыту мәселелері қаралды.
Ерекше назар тиісті фармацевтикалық тәжірибеге аударылды.
Бұл Дүниежүзілік фармацевтикалық федерация (FIP) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әзірлеген халықаралық стандарт.
Онда дәріхананың науқасты қауіпсіз, тиімді және ұтымды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі үшін қалай жұмыс істеуі керек екені айқындалған.
GPP – дәріхана жұмысының «алтын стандарты», ол дәрі-дәрмекті алу мен фармацевтің кәсіби сүйемелдеуін қамтамасыз етеді.
Марат Пашимов барлық медициналық ұйымға жыл соңына дейін сертификат алуды тапсырды. Бұл – медициналық көмектің сапасы мен біріздігін арттырудағы маңызды қадам.
7 айдағы вакциналаумен қамту деңгейі жеткіліксіз. Ең көп олқылық жеке медициналық ұйымдарда байқалады. Бұл ақпаратты ҚДСБ эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Бакжанар Мухамадиева баяндады. ҚДСБ басшысы м.а. тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін көрсеткішті теңестіру және белгіленген индикаторға қол жеткізу қажет.
Психикалық денсаулық сақтау қызметін жаңғырту барысы туралы Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев баяндады. Оның айтуынша, психиатриялық көмекті емханалық желімен ықпалдастыру жалғасып келеді: қаладағы 8 ауданның емханаларында алғашқы психикалық денсаулық орталықтары жұмыс істейді, онда дәрігер-психиатр қабылдайды. Осылайша, психиатриялық көмек халық үшін анағұрлым қолжетімді бола түсті.
Орталық психобілім беру бастамаларын да белсенді дамытып келеді: 2019 жылдан бері «Менталдық білім беру мектебі» жұмыс істейді, жағдайлық орталық ашылды, үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық кеңейіп келеді. Сондай-ақ еңбек арқылы оңалту дамып жатыр: тігін цехы, баспахана және қорап жасау цехы жұмыс істейді.
Қала колл-орталығымен ықпалдастырылған тәулік бойы жұмыс істейтін «Сенім телефоны» (376-56-60, 8-708-983-2863) сұранысқа ие болып отыр: 2025 жылдың алғашқы алты айында 3 499 қоңырау түсті, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға көп.
Марат Пашимов емханалық психологтарды қосымша оқытуды ұйымдастыруды тапсырды.
Кеңестің бөлек блогы кардиологиялық қызметтің жұмысына арналды. Бүгінде Алматыда БСК бар науқастарға 13 стационар көмек көрсетеді, соның ішінде жедел коронарлық синдром кезінде шұғыл көмек көрсететін жеті орталық бар.
Алты айда қан айналым жүйесі ауруларын анықтауға 104 мыңнан астам адам скринингтен өтті. Олардың 90 пайыздан астамы диспансерлік есепке алынды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 14,7 %-ға жоғары.
Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастармен жұмыста да оң динамика байқалады. Жүрек жеткіліксіздігінің ерте түрін диагностикалау жақсарып, ауыр түрлер саны азайды. Алғаш рет 1138 адамға диагноз қойылды, зертханалық және аспаптық диагностикамен қамту артты. Кардиовертер-дефибриллятор орнату саны үш есе өсіп, өмірге қауіпті аритмиядан болатын өлім-жітімді төмендетуге ықпал етті.
Кеңес соңында Марат Пашимов көтерілген барлық мәселе қаланың денсаулық сақтау жүйесі үшін басым бағыт болып қала беретінін атап өтті. Ол белгіленген индикаторларға уақтылы қол жеткізудің және Алматыдағы медициналық көмекті кешенді жаңғыртуды жалғастырудың маңызын ерекше айтты.