Балалар үшін екпе күнтізбесін сақтау неге маңызды?
Екпе – баланы қауіпті жұқпалы аурулардан қорғаудың ең тиімді әрі сенімді жолдың бірі. Ол ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтіп, түрлі инфекцияға қарсы иммунитет қалыптастырады. Соның арқасында аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупі азаяды.
Қазақстандағы профилактикалық екпелер күнтізбесі баланың жас ерекшелігіне және белгілі бір ауруды жұқтыру қаупі жоғары кезеңге сай жасалған. Сондықтан әр екпені өз уақытында алған жөн.
Екпе күнтізбесін сақтау:
– баланы қауіпті жұқпалы аурулардан және олардың зардаптарынан қорғайды;
– ауруханаға түсу мен мүгедектікке ұшырау қаупін төмендетеді;
– балабақша мен мектеп сияқты балалар көп жиналатын ортада инфекцияның таралуына жол бермейді;
– денсаулық жағдайына байланысты екпе ала алмайтын жандарды да жанама түрде қорғайды.
Әр екпенің алдында медицина қызметкері баланың денсаулығын тексеріп, екпе алуға уақытша кедергі болатын жағдайдың бар-жоғын анықтайды. Қолданыстағы вакцинаның бәрі сапасы мен қауіпсіздігі тұрғысынан мұқият тексеруден өтеді.
Баланы уақытылы ектіру – оның бүгінгі саулығына ғана емес, келешектегі денсаулығына да жасалған маңызды қамқорлық. Екпе – бала денсаулығын сақтауға бағытталған ең тиімді алдын алу шарасының бірі.
